БӘЙТЕРЕК ЖАЛҒЫЗ ЕМЕС

Мақалалар

БӘЙТЕРЕК ЖАЛҒЫЗ ЕМЕС

Астана десе ең бірінші ойға келетіні, бұл әрине – «Бәйтерек» монументі. Бірақ, елордадағы «Бәйтерек» жалғыз емес екен. Қалалық саябақта 120 жылдан астам тарихы бар қара терек өседі.

Бұл қара теректі саябақ салынған уақытта 1891-1893 жылдары ақмолалық саудагерлер мен зиялы қауым өкілдері отырғызған. Архивтерде бұл ағашты отырғызған адамдардың есімдері сақталған, олар – дәріханашы Петр Путилов, көпес Халиулла Нигматуллин және дәрігер Чигловский. Бұл терек суық ауа райы мен өртке қарамастан қазіргі күнге дейін жетті.

Алып теректің маңы жергілікті ақмолалықтар үшін ерекше орын еді. 1946 жылы бұрынғы Ақмола теміржолшылар саябағы, қазіргі Астаналық саябақта балаларға арналған теміржол іске қосылды, ол 2002 жылға дейін жұмыс істеді. Кәрі теректің маңында «Жеңіс» станциясы, вокзалдың ағаш ғимараты және касса болды. Сондай-ақ қайық станциясы мен жергілікті тұрғындар «Солдатский» деп атап кеткен жағажай болатын.

Кәрі терек – талай кездесу мен тарихтың куәсі. Бұл ағаштың түбінде тұрғындар бір-біріне сезімдерін білдіретін, отбасылық альбомға фотосуретке түсетін еді. Бұл фотосуреттер мен естеліктер қазіргі уақытта қаланың ең кәрі ағашына арнап ашылған "@vetvi.pamyati" (Ветви памяти) деп аталатын инстаграм-аккаунтта жинақталған.


Қазіргі уақытта «Fading TSE» (Fading.TSE: Ретроспектива столицы ) белсенділерінің бастамасымен осы алып теректі жергілікті тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Есіл» аудандық әкімдігі мен ҚР Экология министрлігі бұл бастамаға қолдау білдірді. Қазіргі уақытта теректің айналасы қоршалып, ескерткіш тақтасы  орнатылды. Кәрі терек жайлы 3 тілде ақпаратты izi.travel мобильді қосымшасынан да таба аласыздар.

Бұл терекпен байланысты сіздің қандай естелігіңіз бар?

Автор: Базарбек Қамысбаев (Kamysbaev Bazarbek) 

Фото: Fading.TSE: Ретроспектива столицы 


Келушілердің суреттері

#welcometonursultanкөмегімен суреттеріңізге хэштег қосып, фотосуреттеріңізді бізбен бөлісіңіз